Джиу-джитсудан Азия ойындарының қола жүлдегері Нартай Қажеков туған өлкесіне оралды

Ақтөбе қаласының Халықаралық әуежайында қала жұртшылығы ел намысын қорғаған батырларын зор қошеметпен күтіп алды. Күтіп алушылар арасында Нартайдың анасы Балмоншақ апа, облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов және достары болды. Олар ерекше құттықтауларын жеткізіп, Нартайдың қуанышына ортақтасты.
- «Негізінен, Азия ойындарына қатысудың өзі үлкен жетістік, ал оның ішінде, жүлдегер атану қиынның қиыны. Сондықтан да, Нартайға, жаттықтырушысы Әшім ағайымызға және ата-анасына алғысымды жеткізе отырып, жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын»,- деп атап өтті басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Айта кетейік, Нартай Индонезия елінде өтіп жатқан тартысты доданың жетінші күнінде алаңға шығып, 69 келіде қола медаль үшін күресте түркіменстандық өкілді жеңген болатын.
- «Мезгілсіз уақытқа қарамай қолдау көрсетіп келіп жатқан барша жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Керемет сезімде тұрмын. Осы қол жеткізген жүлдемді анама арнаймын»,- дей келе Нартай ерекше ықыласпен кеудесіндегі медалін анасының мойнына тақты.
Спортшының бұл әрекетіне, анасына деген құрметіне сүйсіне қараған қалың жұрт қошеметтерін білдірді.