Әмбебап жекпе-жектің чемпиондары Ақтөбеге оралды

Бүгін Ақтөбе темір жол вокзалында әмбебап жекпе-жектен Әлем чемпионы атанған Райса Байлиеваны қалың жұрт салтанатты түрде қарсы алды. Қарсы алушылар арасында облыстық спорт басқармасының өкілдері, спорт ардагерлері, жанкүйерлері болды.
Ақтөбенің мақтанышы Райса Байлиева әмбебап жекпе-жектен әлемдік тартысты додада өзінің тағы да мықтылығын дәлелдеп, әлемнің 5 дүркін чемпионы атағына ие болды.
Әлем чемпионаты Ресейдің Медынь қаласында өтті. Турнирге 37 елден спортшылар қатысты. Ақтөбелік спортшы, полиция майоры Райса Байлиева әлем чемпионатында қабырғасын жаралап алған. Соған қарамастан спортшы ақтық сынға шықты. Ол финалда германиялық қарсыласын жеңіп, алтынды олжалады. Оның 23 жастағы шәкірті Лилия Әгілманова дүниежүзілік додаға алғаш рет қатысты. Лилия Әгілмановада өз тәлімгерінің жетістігін қайталап, финалда 70 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ресейлік қарсыласынан басым түсті. Осылайша, әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Айта кетейік, әмбебап жекпе-жектің Әлем чемпионатынан Ақтөбе қоржынына 2 алтын, 2 күміс, 1 қола түсті. Райса Байлиева, Лилия Әгілманова алтынды олжасаласа, күміс жүлдені Бағлан Жанғанашев және Эльдар Нұрғалиев иеленді, сондай-ақ, қола жүлдеге Жандос Дәмешов қол жеткізді.