Ақтөбеде кәсіпқой боксшы Андрей Еськинді еске алуға арналған турнир өтіп жатыр

26 қыркүйек күні Ақтөбе қаласында бокстан ҚР спорт шебері Андрей Еськинді еске алуға арналған дәстүрлі облыстық турнир тоғызыншы рет мәрте жалауын желбіретті.
2001 – 2002 жылы туылған жастар арасындағы жарыста еліміздің Шымкент қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Манғыстау, Ақтөбе облыстарынан және Ресейден келген 100-ден аса былғары қолғап шеберлері өнер көрсетуде.
Жекпе-жек спорт сарайында өткен шараның салтанатты ашылуына басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов, Андрей Еськиннің 20 жасар қызы Анна Еськина, жаттықтырушылары Ғани Төлеуов, Серік Бекрахимов және достары қатысты.
Шара барысында боксшының қызы Анна Еськина және достары турнирдің ұйымдастырушыларына алғыс айтып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Андрей Еськин – Ақтөбеден шыққан атақты кәсіпқой боксшы, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Қазақстан халқы Спартакиадасының және ҚР чемпионатының жүлдегері, Ұлттық құрама сапында Азия чемпионатының қатысушысы, екі дүркін Интерконтиненталь Кубогының иегері, Славян елдері және ТМД елдері арасындағы чемпионатының жеңімпазы.
Енді осындай даңқты шаршы алаң шеберінің ізінен ерген спортшылар 3 күн бойы 11 салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтайтын болады.
Сонымен қатар, үздік деп танылған жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарымен және медальдарымен марапатталады. Сондай-ақ, турнир соңында «Жеңіске деген жігері үшін», «Үздік техника үшін», «Үздік төреші» және «Үздік жаттықтырушы» номинациялары бойынша Андрей Еськиннің достары арнайы тағайындаған дипломдар мен сый-сияпаттар табысталады.