Бокстан студенттер арасындағы Әлем чемпионатының жалғыз алтын медалін ақтөбелік спортшы жеңіп алды.

1-6 қыркүйек аралығында Элиста қаласында (Ресей) өткен студенттер арасындағы Әлем чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік боксшы Абай Қуандықов алтын жүлдені иеленді.
Абай өзінің алғашқы жекпе-жегінде ресейлік өкілмен қарсыласып, 3:2 есебімен жеңіске жетеді. Екінші кездесуінде Жапония елінің спортшысымен кездесіп, ринг алаңында 5:0 есебімен басымдылық көрсетіп, финалға шықты.
Ал, ақтық сында тайпейлік спортшыны 5:0 есебімен айқын жеңіп, бокстан студенттер арасындағы VIII Әлем чемпионатының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Абайдың бұл жеңісі ақтөбе спорт тариxында алғаш рет орын алып отыр. Бұған дейін 2014 жылы Якутия елінде өткен VI студенттер арасындағы Әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрбол Қалжанов күміс жүлдегер атанған болатын.
Қоса кетсек, бокстан студенттер арасындағы Әлем чемпионатында ҚР құрама командасы 3 медальға ие болды. Алтын жүлдені ақтөбелік спортшы Абай Қуандықов жеңіп алса, күміс жүлдені атыраулықтар Бекболат Құрамысов және қола жүлдені Ержан Ордабаев иеленді.