Ақтөбелік жанкүйерлер Азия ойындарының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұловты салтанатты түрде күтіп алды

24 тамыз, жұма күні Индонезия елінде өтіп жатқан XVIII Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов туған еліне оралды. Спортшыны Ақтөбе қаласының Халықаралық әуежайында қалың жанкүйер мен қала тұрғындары қуанышпен қарсы алды.
Азия ойындарының жүлдегерін Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов құттықтады.
Батырымызды және жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжановты өңір басшылығы атынан дүбірлі додада қола медаль иеленулерімен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, бұл да үлкен жетістік. Барша ақтөбелік жанкүйерлер Мейрамбектің жетістігіне ерекше қуанышты. Алдағы уақытта да, балуанымыз әлі талай жарқын жеңістерімен қуанта береді деген сенімдеміз», - деді басқарма басшысы.
21 тамызда Джакартаның боз кілеміне грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов күресуге шыққан болатын. Белдесулер алдында 60 келі салмақ дәрежесіндегі медальдар үшін негізгі күрес дәстүрлі түрде Қазақстан, Жапония, Иран, Солтүстік және Оңтүстік Корея өкілдері арасында жүретіні туралы пікір айтылды. Жеребе бойынша балуанымыз жарыстың бірінші кезеңін өткізіп, ширек финалда вьетнамдық спортшыны айқын сенімділікпен жеңді. Алайда, финалға арналған кездесуде ол әлемдік рейтингте көшбасшы, белгілі қырғызстандық Каныбек Джолчубековке ұтылды. Ал, қола медаль үшін кездесудің бірінші кезеңінде Солтүстік Корея елінің спортшысына 5:0 есебімен есе жіберіп келе жатырып, екінші кезеңде басымдылығын көрсетіп, 13:5 есебімен таза техникалық жеңіске жетті.
-«Негізінен, жақсы дайындықпен жарыс жолына аттандық. Алайда, бұйырғаны қола жүлде болды. Тек бар ойым қалай болсада бір медальмен еліме оралу болды. Алдымда әлі талай додалар бар. Әрине, Ақтөбе халқын қай жерге барсамда медальсіз қалдырмаймын», - дейді Мейрамбек Айнағұлов.
Айта кетейік, ақтөбелік спортшының айтуынша, ол қысқа уақыт тынығуынан кейін қайта оқу-жаттығу жиындарына қатысу жұмыстарын бастайды.