Ақтөбеде Есту қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР ІІ спартакиадасы жалауын көтерді

12 тамызда спорт күні қарсаңында Ақтөбе қаласында Есту қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР ІІ спартакидасы басталды.
«Жекпе-жек» спорт сарайында өткен шараның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМКК директорының орынбасары Алексей Михайлович Крючков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің «Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК директоры Марат Дайырұлы Қасқырбаев қатысты.
Шараны салтанатты түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары аталған жарыстың аса маңыздылығын атап өтті.
-«Алдымен, баршаларыңызға «құтты мекен-Ақтөбе» өңіріне қош келдіңіздер демекпін. Бүгінгі шара біз үшін ерекше, себебі осындай ауқымды шараны Ақтөбе қаласында өткізу мәртебесіне ие болып отырмыз. Сіздер қоғамда спортты насихаттап, жастарды спортқа баулуға зор үлес қосып жатқан жандарсыздар. Сіздерді мақтан тұта отырып, еңбектеріңізге табыс, спортта жеңіс тілеймін»,- деді Ербол Нұрғалиев.
Жарыста еліміздің барлық өңірінен келген 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың 10 түрі бойынша өзара сынға түсіп, мықтыны анықтамақ. Атап айтсақ, спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, шахмат, үстел теннисі, еркін күрес, грек-рим күресі, шағын футбол, бадминтон, дзюдо, армлестинг спорт түрлерінен сынға түседі.
Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Марат Дайырұлы елімізде сурдлимпиядалық қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.
-«Алғаш рет 2014 жылы Алматы қаласында өткен болатын. Ол кезде спортшылар спорттың 5 түрінен бақ сынасса, биыл 10 спорт түрі бойынша сынға түсуде. Жаңадан спорт түрлері қосылды. Сондай-ақ, қатысушылар саны бірнеше есеге артып отыр. Аталмыш спартакиада Ақтөбе облысының әкімдігінің бастамасымен екінші рет Ақтөбе қаласында өткізіліп отыр. Бұл дегеніңіз, сурдлимпиядалық қозғалыстың дамып жатқандығының көрінісі»,-деді ол.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар бұл спорттық шараның мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорттық әлеуетін асырып, салауатты өмір салтын ұстануға айрықша назар аудару мақсатында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатынын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттарымен, медальдарымен және арнайы кубоктарымен марапатталады. Спартакиада 19 тамызға дейін жалғасады.