Ақтөбеліктер тоғызқұмалақтан Азия чемпионатында топ жарды

25-31 шілде аралығында Монғолия елінің Баян-Өлгей қаласында тоғызқұмалақтан Азия Чемпионаты өтті. Чемпионатта 6 елдің 200-ге жуық қатысушылары классика, рапид, блиц түрлері бойынша өзара бақ сынасты.
Аталған жарысқа облыс намысын қорғауға 11 спортшы аттанған болатын. Оның алтауы жүлделі орындармен оралды. Олар классика, блиц, рапид түрлері бойынша 3 алтын, 4 күміс, 1 қола медальдарына ие болып, жақсы нәтижелерімен жанкүйерлерін қуантты.
Жекелей тоқталып өтетін болсақ, Диана Кенина (блиц), Медет Хусаинов (рапид), Гүлжанат Алдабергенова (рапид) ересектер арасында Азия чемпиондары атанды.
Ал, 18 жас аралығында Гүлжанат Алдабергенова (блиц) және 14 жас аралығында Алмас Тілегенов (классика, блиц) және Балнұр Тілегенова (рапид) 2-орынға, Диас Жанбау 14 жас аралығында рапид түрінен 3-орынға ие болды.
Сонымен қатар, ересектер арасында Азия чемпионы атанған Гүлжанат Алдабергенова тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Айта кетейік, тоғызқұмалақ спортынан Қазақстан Республикасы Федерациясы 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік облыс» деп Ақтөбе облысын таныған болатын.