Ақтөбелік дзюдошылар жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысады

28-29 шілде аралығында Германияның Берлин қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа Кубогі өтті. Оған 38 мемлекеттен 528 дзюдошы қатысты. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды.
Оның ішінде, ақтөбелік спортшыларымыз Жанболат Бағытбергенов 73 келі салмақта алтын жүлдені және Арслан Есенгелді 60 келі салмақта күміс жүлдені иеленіп, жастар арасындағы Әлем чемпионатына жолдама алды.
-«Жастар арасында Әлем чемпионаты ағымдағы жылдың қазан айында өтеді деп жоспарланып отыр. Оған дейін спортшыларымыз Алматы және Шымкент қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысады»,- деп атап өтті облыстың жастар арасындағы аға жаттықтырушысы Айдар Жиембаев.
Айта кетейік, жарыстың қорытындысы бойынша ҚР құрама командасы 38 мемлекет ішінде жарыс кестесінде үшінші орынға тұрақтады.