Ақтөбелік Сұлтан Жасыбай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ат спортының Федерация Кубогін жеңіп алды

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында екі жас ерекшеліктері бойынша паралимпиадалық және арнайы бағдарламалық Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының III Ашық Кубогі өтті.
Осы аталған жарыста ақтөбелік Сұлтан Жасыбай 14 жастан асқан шабандоздар арасында В сынағы бойынша жеңімпаз атанды.
-«Менің бұл жарысқа бірінші рет қатысуым болып табылады. Алайда, қатысушылар арасында ұпай саным көп болып, жеңімпаз атандым. Шынымды айтам, бұл нәтижені өзім де күтпеген болатынмын. Ендігі кезекте, осы жылдың қыркүйек айында өтетін ҚР чемпионатына дайындығымды бастаймын»,- дейді Сұлтан Жасыбай.
Биылғы жылы осы шараға алты облыстың 28-ке жуық қатысушысы келді. Атап айтқанда, Өскемен тұрғындарымен қатар, жүлделі орындар үшін таласуға Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарынан қатысқан. Олар 14 жасқа дейінгі және 14 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша сынға түсті.
Сонымен қатар, Өскеменнен жеңіспен оралған Сұлтан Жасыбайды жақындары, облыстық спорт басқармасының қызметкерлері әуежайдан қошеметпен күтіп алып, қуанышына ортақтасты.