Ақтөбе облысында VІ халық спорты ойындары өтіп жатыр

24-27 шілде аралығында Ақтөбе облысының Қобда ауданында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған облыстық VІ халық спорты ойындары өтіп жатыр.
Орталық стадионда өткен халық ойындарының салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет және облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, сондай-ақ ауданда жаңадан бой көтерген спорттық нысандар бойынша атап өтті.
-«Елбасы бастамасы бойынша бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары облысымызда сәтті жүзеге асырылып келеді. Қол жетімді спорт кешендері салынып, бүгінгі күні жастар игілігін көруде. Өздеріңізге мәлім, жуық арада осы ауданда жаңадан Дене шынықтыру және сауықтыру орталығы ашылып қолданысқа берілді. Оның ішінде, спортшыға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Осы орайда, шараны ұйымдастыруда және бұқаралық спортты дамытуға үлестерін қосып отырған барлық ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін»,- деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин.
Айта кетейік, төрт жыл бұрын яғни, 2014 жылы Өскемен қаласында өткізілген республикалық V халық спорты ойындарында Ақтөбе облысының командасы жалпы командалық есепте жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын. Сонымен қатар, шара барысында облыстық спорт басқармасының мамандары биылғы жылы да спорттық жетістіктерін осы деңгейден төмендетпеу мақсаты тұрғанын атап кетті.
Аталған спорттық шараның мақсаты ағымдағы жылдың 21-25 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында өткізілетін республикалық кезеңіне облыстық құрама жасақтап үздік спортшыларды іріктеу болып табылады.
Халық ойындары спорттың 10 түрінен өткізілуде. Атап айтқанда, қатысушылар волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір спорты, қол күресі, үстел теннисі, жазғы Президенттік көпсайыс, стритбол, асық ату спорт түрлерінен жүлдеге таласып жатыр. Оған Ақтөбе қаласынан және 12 ауданнан 1000-ға жуық спортшы қатысуда.