Қандыағаш қаласында ІІ облыстық ауыл жасөспірімдерінің спорттық жазғы ойындары өтті

19-20 шілде аралығында Қандыағаш қаласында ІІ облыстық ауыл жасөспірімдерінің спорттық жазғы ойындары өтті. Оған Ақтөбе қаласынан және 12 ауданнан 500-ден астам ойыншы қатысты.
Екі күнге созылған спорттық ойындардың салтанатты ашылуына басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов және Мұғалжар ауданының әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин қатысты.
-«Бұл айтулы оқиға ауылдықтар үшін нағыз мереке ғана емес, сонымен қатар, елімізде тұтастай алғанда бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға да елеулі үлес қосатыны айқын. Өйткені, көк Туымызды көкке желбірететін спортшыларымыз осы ауылдан шынықталып шығатыны белгілі. Ағымдағы жылдың 15-21 тамыз аралығында Қызылорда қаласында өтетін аталмыш жарыстың II-ші республикалық кезеңінде спортшыларымыз Ақтөбе облысының намысын қорғайтын болады. Олар өңіріміздің беделін арттырып, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамын»,- деп атап өтті басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Спорттық ойындар 9 спорт түрлерінен өтті. Олардың 6-ы олимпиадалық спорт түрлерінен және 3-і ұлттық спорт түрлерінен болды. Атап айтқанда, жасөспірімдер спорттың волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, асық ату, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі түрлерінен жүлдеге таласты.
ІІ Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1-орынды Байғанин ауданы, 2-орынды Ырғыз ауданы және 3-орынды Мұғалжар ауданы жеңіп алды.
Сондақ-ақ, жарыстың қорытынды нәтижелеріне сәйкес республикалық кезеңге дарабоз спортшылар іріктелініп алынып, аға жаттықтырушылар облыстық команда жасақтады.