Ақтөбелік жанкүйерлер Азия чемпионатының қола жүлдегері Тілек Әсембаевты салтанатты түрде қарсы алды

Сенбі күні, Ақтөбе темір жол вокзалында Азия чемпионатының қатысушыларын және жаттықтырушыларын жанкүйерлері, жақын туыстары, облыстық спорт басқармасының қызметкерлері қошеметпен күтіп алды.
17-19 шілде аралығында Үндістан елінің Нью-Дели қаласында грек-рим күресінен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Чемпионатта жақсы нәтиже көрсеткен балуанымыз Тілек Әсембаев қола жүлдеге ие болды.
Тілек 63 келі салмақта ширек финалда ирандық балуаннан ұтылғанымен, қола медаль үшін болған белдесуде түркіменстандық балуаннан 6:0 есебімен басымдықпен алға шықты.
-«ҚР құрама сапында облыстың екі спортшысы Тілек Әсембаев және Дәулет Жалғасов өнер көрсетті. Әрине, Тілектің жүлдесі бәрімізге қуаныш алып келді. Өкінішке орай, Дәулет жарақатына байланысты жақсы нәтиже көрсете алмады және айта кетейін, бұл балуанымыздың жастар арасындағы Азия чемпионатына алғашқы қатысуы болатын. Сондықтан да, Дәулеттің жеңісті күндері әлі алда»,- дейді грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұқан Зарлықов.