Қол добынан қыздар арасында Ақтөбе облысының командасы ел чемпионы атанды

Мұғалжар ауданының Қандыағаш қалалық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қол добынан 2004 жылы туылған қыздар арасында Қазақстан Республикасы өз мәресіне жетті.
Чемпионат ойындары тартысқа толы болды. Ойындардың қорытындысы бойынша Қандыағаш қалалық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қол добынан 2004 жылы туылған қыздар арасында ел чемпионы атанды.
Екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының командасы иеленді. Ал, жүлделі үшінші орын елордадан келген Астана қаласының командасына бұйырды.
Чемпионаттың жабылу салтанатына Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әлия Мурсалимова, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғар Әбдірзақ, Қандыағаш қалалық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қарасай Омаров қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және осы чемпионатта өз ойын өрнегімен көзге түскен ойыншыларды мақтау қағаздарымен және кубоктармен марапаттады.
Айта кетсек, облыстағы қыздар қол добы тек Қандыағаш қаласының жасөспірімдер спорт мектебінде ғана дамиды, осы мектептің тәрбиеленушісі Асемгүл Амангелді ҚР ұлттық құрамасында ойнап, 2018 жылы Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарына қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, 19-25 маусым аралығында Ақтөбе облысында өткен чемпионатқа барлығы 144 ойыншысы бар 9 команда қатысқан болатын.