Ақтөбе облысының командасы волейболдан ҚР чемпионы атанды

22-28 маусым аралығында Ақтөбе облысының №2 Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты өтті.
6 күнге созылған ел чемпионатына республикамыздың 11 аймағынан 14 команда қатысты.
Алдымен командалар төрт топқа бөлініп ойнады. Ақтөбе облысының командасы өз топ арасында жоғары ұпаймен алдыңғы қатардан көрініп, соңғы ойында Шығыс Қазақстан облысының командасымен кездесті.
Кездесу нәтижесінде 3:1 есебімен Ақтөбе облысының командасы жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Осылайша, екінші орын Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды. Ал, ІІІ орынды Алматы облысының командасы иемденді.