Ақтөбеде пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты басталды

1-7 шілде аралығында Ақтөбе қаласында пауэрлифтингтен жасөспірімдер, жастар, ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Онда республиканың аймақтарынан келген 250-ден астам спортшылар бақ сынауда.
Чемпионаттың ресми ашылуына Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысып, барлық қатысушыларға құттықтау сөзін жеткізді және жарысты салтанатты түрде ашық деп жариялады.
Пауэрлифтингтен облыстың аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Сергей Ведюшкин:
Аталмыш чемпионат Ақтөбе қаласында бесінші рет өтіп отыр. Бұл да жергілікті спортшыларымыз үшін үлкен тәжірибе жинауға көп көмегін береді. Осы спорт түрінен қазіргі уақытқа дейін облысымыздан 4 Әлем чемпионы және 15 Азия чемпионы шығып отыр және әлі де талай чемпиондар шығады деген үміттемін. Себебі, болшағынан үміт күттірер көптеген жас спортшыларымыз өсіп келеді»,- дейді.
Жарыс ағымдағы жылдың 7 шілдесіне дейін жалғасады. Жанкүйерлер бұл іс-шараны сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Жастар» ОБЖСМ –де тамашалай алады.