Ресейде есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында ақтөбеліктер жоғарғы нәтиже көрсетті

2018 жылғы 12-19 маусым аралығында Владимир қаласының «Полярис» мұз сарайының боз кілемінде еркін және грек-рим күресінен есту қабілеті төмен спортшылар арасында әлем чемпионаты және біріншілігі өтті. Бұл ересектер үшін әлем чемпионаты 5-ші рет, ал жасөспірімдер мен кадеттер үшін 3-ші чемпионат болып келеді.
Осы чемпионатта Ақтөбенің балуандары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, Бексұлтан Малайдаров 86 келі салмақта күміс медальға, ал 92 келі салмақ дәрежесінде Мұхтар Есенғосұлы қола жүлде үшін күресте есе жіберіп, бесінші орынды иеленді.
«Спортшылардың біліктілігін арттыруда №4 ОМБЖОРС мектебі жаттығуға арналған залдармен қамтамасыз етіп, үлкен көмек көрсетті. Сонымен қатар, спортшыларға жыл бойы аянбай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген жаттықтырушы Жанат Қожантаевтың еңбегі зор. Қазіргі таңда, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың спортқа деген белсенділігі мен талпынысы ерекше артып келеді»,- дейді мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сергеевна Сокольская.