ҚР Ұлттық олимпиада комитеті дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов Ақтөбеге арнайы іс-сапармен келді.

5 маусым, сейсенбі күні Ақтөбе облысының олимпиада резервін даярлау орталығында облыс әкімінің орынбасары Е.Нұрғалиевтің төрағалығымен облыстағы олимпиадалық спорт түрлерінің даму жағдайы мен спорт түрлерін саралау бойынша кеңейтілген отырыс өткізілді.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов, спорт қызметкерлері және олимпиадалық спорт түрлерінен облыстық федерация басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиын барысында олимпиадалық спорт түрлерінің қазіргі жағдайы және проблемалық мәселелері бойынша әңгіме өрбіді.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өзінің алғы сөзінде: «Бүгінгі жиынның баршамыз үшін маңызы зор. Себебі, спорт саласының қайраткері, тәжірибесі мол Елсияр Қанағатов мырзаның өзі қатысып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, қазіргі таңдағы, облыстағы спорт саласының өзекті мәселелерінің шешімін қарастыруымызға болады»,-деп атап өтті.
Әрі қарай сөз кезегін алған Ұлттық дирекция басшысы аймақтағы спорт нысандарына жоғары деген баға берді.
-«Ақтөбеге екі күндік іс-сапарымда облыстың спорт мектептерінде болып, бүгінгі тыныс тіршілігімен таныстым. Сондай-ақ, жаңадан қолданысқа берілген спорт кешендерінде араладым. Әрине, сөз жоқ, нысандардың барлық стандартқа сай екені көрініп тұр»,- деді.
Сонымен қатар, өңірдегі спорт саласының сапасын арттыруға бағдарланған жобаның мақсатын айқын көрсетіп, спорт мекемелері және федерация басшыларынан ұсыныстар қабылдады. Бірнеше көтерілген тақырыптар төңірегінде сұрақтарға жауап беріп, спорт түрлерін саралау бойынша жоспарды түсіндіріп өтті.