Басқарманың 2017 жылғы жұмыстары жөнінде есептеме

Ақтөбе облысының дене шынықтыру және
спорт басқармасының басшысы
Нұрлыбек Мейірханұлы Жүсіповтің
баяндамасы
Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2017 жылдың І-тоқсаны бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары және алдағы жоспары
Қайырлы күн, құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар! Елбасымыз халықтың денсаулығы дене шынықтыру, спортпен қаншалықты шұғылданатындығына тікелей байланысты екендігін айтқан болатын. Сондықтан біз спортшыларымыздың жетістіктерін Президенттің рухани бай және дені сау болашақ ұрпақ өсіру жөніндегі тапсырмасын орындау деп білеміз.
Ақтөбе облысында дене шынықтыру және спорт саласы мемлекеттік саясаттың бағыттарына сәйкес дамып келеді.
Қазіргі күні облысымызда дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының орнықты өсу үрдісі байқалады. 2016 жылдың соңында дене шынықтырумен айналысушы облыс тұрғындарының көрсеткіші 27,0 пайызға жетті.
Ол үшін облыста 1670 спорт нысаны қолданыста. (Оның ішінде: 17 стадион, 1 спорт сарайы, 14 спорт кешені, 981 жазық спорт алаңдары, 33 хоккей корты, 28 теннис корты, 1 спорт манежі, 6 шаңғы базасы, 35 ату тирі, 1 ату алаңы (стрельбище), 9 жүзу бассейні, 544 спорт залдары бар).
2016 жылы 14 спорт нысандары: Ақтөбе қаласында «Хаммер» спорт кешені және 13 - «Street Workout» алаңдары салынды.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, жоғарғы спорт шеберлігін жетілдіру бағытында облысымызда 28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасауда (14 – облыстық, 12 – аудандық спорт мектептері, 1 - қалалық және 1 - АФЗ кәсіподағының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), оның ішнде 5 спорт мектебі «мамандандырылған» мәртебесіне ие.
Осы мекемелерде 2016-2017 оқу жылында 17542 оқушы жүйелі түрде спортпен шұғылданатын 91 спорт бөлімшелері жұмыс жасайды.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 47 спорт түрі (25 оимпиадалық, 22 олимпиадалық емес) дамытылады.
2016 жылы 3 жаңа спорт түрі – су добы, синхронды жүзу, қол күресі ашылды.
Кадр қызметі.
Басқармаға қарасты мекемелерде дене шынықтыру және спорт жұмыстарын ұйымдастыратын және жүзеге асыратын 1113штаттық бірліктегі қызметкерлер жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда, Есет батыр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың базасында спорттық колледж ашу мәселесі қарастырылуда, сондықтан, алдағы уақытта спортшыларды даярлайтын мамандар мәселесі шешілетін болады.
Ал, бүгінгі күні жеңіл атлетика, ауыр атлетика, су добы, жүзу, қысқы спорт түрлері, гимнастика, үлкен теннис, семсерлесу сынды спорт түрлерінен білікті мамандар қажет.
2016 жылы спорт саласының 27 қызметкерлері (жаттықтырушы-оқытушы, әдіскерлер) біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен. 2017 жылдың 4 айында 61адам өтті.
2017 жылдың наурыз-сәуір айында «Достық» ОБЖСМ-ің базасында су спорты түрлері бойынша жаттықтырушыларға арналған республикалық семинар ұйымдастырылды, барлық облыстардан аталған семинарға 90-ға жуық жаттықтырушылар қатысты.
Спорт резерві мен бұқаралық спорттың дамуы
Олимпиадалық спорт түрлері бойынша
Облыста дене шынықтыру мен спорттың дамуына, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалған.
ҚР ұлттық құрамасына жалпы спорт түрлері бойынша 294 үстінде спортшы кіреді. (Оның ішінде: 117 спортшы олимпиадалық, 177 спортшы олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша).
2017 жылы дене шынықтыру және спорт басқармасы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спорт федерацияларымен бірлесіп бокстан жасөспірімдер арасында аймақтық біріншілік (Шалқар қаласы), жүзуден ҚР чемпионатын, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир, жүзуден ҚР Жастар ойындары бағдарламасындағы республикалық жарыстары, грек-рим күресінен 2003-2005ж.т. жасөспірімдер арасында спорт ардагері Қажиғали Ақшолақұлы Абитовты еске алуға арналған республикалық турнирі, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағулованы еске алуға арналған дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық турнирі, футболдан 2004ж.т. жасөспірімдер арасында Ақтөбе облысының Әкімінің Кубогына арналған II халықаралықтурнир, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай және облыстық ауғанстан соғысы ардагерлерінің «Ер – Бақыт» спорттық – патриоттық клубының жүлдесіне арналған грек-рим күресінен 2003-2005ж.т. кіші жасөспірімдер арасында XII республикалық турнирі өткізілді.
2017 жылғы спорттағы жетістіктеріміз:
Үстіміздегі жылы грек-рим күресінен Айнағұлов Мейрамбек – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, еркін күрестен Санаев Нұрислам - Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, таэквондодан Жунусова Мереке «Атырау оупен» және «Украина Оупен» халықаралық турнирлерінде 1 орын, дзюдодан Аманкелді Ермек жасөспірімдер арасында Берлинде өткен Еуропа Кубогында 1 орын алды. Жүзуден Малайзияда өткен ашық суда 10 км. қашықтықта Худяков Виталий алтын медальға ие болды.
Сонымен қатар, 2017 жылы келесі спортшылар әлем және Азия чемпионаттарына қатысады деп жоспарлануда:
1. Айнағұлов Мейрамбек – грек-рим күресінен әлем чемпионаты (Франция);
2. Нұрислам Санаев - еркін күрестен әлем чемпионаты (Франция);
3. Моисенко Карина және Нұрлан Гүлсамаләйелдер күресінен Азия чемпионаты.
4. Жарманова Нұржамалжәне АманкелдіЕрмек – дзю-додан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты.
5. СисембаевӘділет және Жалғасов Дәулет – грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаты.
6. Назарова Диана – жүзуден жастар арасындағы әлем чемпионаты (АҚШ).
7. Жаксылыков Бек – еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионаты.
8. Сагындыков Ринат және Актауов Андрей - каратэ-додан Астана қаласында өтетін Азия чемпионаты.
Бүгінгі күні спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жетекші спортшыларды ынталандыру мақсатында жалақы тағайындау мәселесі шешімін тапты. «Намыс» кәсіби спорт клубында 48 спортшы, және де «Намыс» гандбол және волейбол командалары жалақы алады. Бұдан басқа 67 спортшыға облыс әкімінің стипендиясы тағайындалған.
Олимпиадалық емес спорт түрлері және бойынша
Облыс аумағында жылына 1000-нан астам дене шынықтыру-сауықтыру, бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізіледі.
Басқарма барлық спорт түрлері бойынша Ақтөбе облысының федерациялар басшыларымен жүйелі түрде кездесулер өткізіп отыр.
2017 жылы І тоқсаны бойынша 49 облыстық жарыс, 1 республикалық турнир (Әскери қолданбалы спорт түрлерінен Ә.Молдағұлованы еске алуға арналған республикалық турнирі) өткізілді.
2017 жылы І тоқсан бойынша:
- Самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты өткізіліп, 160 спортшы қатысты;
- Кекушинкай каратэдодан жасөспірімдер арасындағы ҚР Кубогы өткізіліп, 240 спортшы қатысты;
- Белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты өткізіліп, 182 спортшы өз бақтарын сынады;
- Жекпе-жек сайысынан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өткізіліп, 257 спортшы қатысты;
- ИТФ таэквандодан ҚР Кубогы 196 спортшы қатысты;
- Спорттық биден ҚР Кубогы 100 -ден астам спортшы қатысты;
- Мотокросстан ҚР чемпионатына 116 спортшы қатысты;
Облыс әкімінің «Ақтөбе» облыстық футбол клубы құрылымына шағын-футбол командасын қосу туралы 0олдауы арқасында жергілікті ойыншылар Қазақстан чемпионатында жоғары деңгейде ойнауға және жалақы алуға мүмкіндік алды.
Клубтың жергілікті түлектерді тәрбиелеп, дамытуға бағытталған стратегиясы өзінің тиімділігін көрсетті, сонымен, алғашқы жылы-ақ төмендегідей нәтижелерге қол жеткізілді:
- Футзалдан Жоғары лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері;
- Футзалдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері;
- Футзалдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері;
- Футзалдан 12 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды;
- Ақтөбе футболының екі түлегі Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып, іріктеу матчтарында сәтті өнер көрсетіп, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды;
- Враньска банья қаласында (Сербия) УЕФА аясында өткен жарысқа «Ақтөбе» шағын-футбол клубының 5 жасөспірім ойыншысы 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасына енді;
- Қазіргі таңда 7 футболшы «Спорт шебері» атағын алса, тағы екеуі «Спорт шеберінен үміткер» болды;
- Сонымен қатар екі ойыншы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағынан үміткер;
- Шағын-футболды дамыту және дәріптеу мақсатында команда ішінен 12 жастық топтардан құралған дайындық орталығы ашылды, бұл орталықта 110 бала жаттығады;
- команда биылғы көктемде Қазақстан футбол Федерациясы ұйымдастырған «Yelleu Cup» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанып, келесі жылы Қазақстан атынан Еуропада өнер көрсету құқығына ие болды;
2017 жылғы ҚР ұлттық құрама командасына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 177 спортшы кіріп отыр.
Есепті кезеңде спорт мектептерінде 789 көпшілік разрядты, 127 – 1 разрядты спортшылар, 287 – спорт шеберлігіне кандидаттар, 11 ҚР спорт шебері, 1 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалды.
(2016 жылы 7 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 33- ҚР спорт шебері, 43 – спорт шеберлігіне кандидат, 91 - І разрядты спортшы
2017 жылы самбо күресінен Қуанов Есет ересектер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, Каримова Диляра пауэрлифтингтен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды, Гончаров Евгений гір спортынан Европа чемпионы (Латвия), Пилипенко Дмитрий жекпе-жек сайыстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Сидоров Сергей қола жүлдегер атанды.
Омаров Рустэм дойбыдан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атағына ие болды.
Шахматтан Петухов Алан Бразилияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысады.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары арасында үш жақты бұйрыққа қол қойылды. Бұл келісім бойынша спорт мектептері жалпы білім беру мектептеріне бекітіліп, сабақтан тыс уақыттарда түрлі спорт шаралар өткізілуде.
Сондай-ақ, биыл білім басқармасымен бірлесіп, хоккейден 14 команда қатысқан «Алтын шайба» (120 адам) турнирі өткізілді. Қазіргі уақытта шахматтан «Ақ ладья» (80 адам), үстел теннисінен «Халықаралық теннис күніне» арналған турнирлер өткізілуде.
Бұдан басқа Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп «Алау Эстафетасы», «Күш спорты фестивалі» өткізілді.
Ұлттық спорт түрлері бойынша, 2017 жылғы теңге ілуден жастар арасында ҚР чемпионатында жеңімпаз атанған Бәшімбаев Әліхан ересектер арасындағы ҚР чемпионатында жүлделі 2 орынға ие болды. Сондай-ақ, Астана қаласында «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында өтетін Азия чемпионатына жолдама ұтып алды. Аударыспақтан Жанарбек Айшырақ жастар арасындағы ҚР чемпионатында жеңімпаз атанып ҚР спорт шебері атағын орындады.
Облыста дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы жұмыс жасайды. Онда 809 мүгедек спортшы 19 спорт түрімен айналысады. 43 спортшы ҚР құрама командаларына енген.
Клубта мүмкіндігі шектеулі 7 адам оқытушы-жаттықтырушы болып жұмыс істейді.
2015 жылы шілде айында клубқа спорт кешенін тұрғызу үшін жер телімі берілді. 2016 жылы жобалау-сметалық құжаттама және сараптаманы дамыту үшін 31 млн көлемінде қаражат бөлінді.
Дене шынықтыру және спорттың басты бағыты – мүмкіндігі шектеулі адамдарды толыққанды өмірге қайтару болып табылады. Осы бағытта мүгедек спортшылардың спортпен кедергісіз шұғылдануына, түрлі деңгейдегі жарыстарға баруына барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар облыста 11 аула клубы жұмыс жасайды. Аула клубтарында 2500-ден астам балалар мен жасөспірімдер спорт түрлеріне қатысып, басқа үйірмелерге тартылған Осы салада барлығы 298 адам жұмыс жасайды. Клубтарда футбол, волейбол, қазақ күресі, жеңіл атлетика, гір спорты, шахмат, бокс, үстел теннисі, тоғызқұмалақ спорт түрлері дамытылған.
Қаржы-экономикалық қызмет.
Облыста дене шынықтыру және спорт саласын дамыту үшін басқармаға 2017 жылға 5,9 млрд. теңге қарастырылды. Жалпы 2017 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша бюджет қаражат игеру 99,9 % орындалды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы бойынша МЖӘ жобаларының жүзеге асырылуы:
2016 жылдан бастап Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен МЖӘ аясында 2 жоба жүзеге асырылды, олар:
- «Ак-Руно» ЖШС-мен «Алихан» спорт кешенін жалға алу бойынша – Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 1300 ш.м. кем емес спорт ғимаратын 10 жылға жалға алуға келісім-шарт жасалды;
- «Дин Интер» ЖШС-мен «Олимпийский резерв» спорт кешенін жалға алу бойынша – Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 1280 ш.м. кем емес спорт ғимаратын 5 жылға жалға алуға келісім-шарт жасалды.
Қазіргі таңда, аталған спорт кешендерінде спорт мектептері мен клубтарды 400-ден астам спортшылары шұғылдануда. Оның ішінде, «Олимпийский резерв» спорт кешенінде Есет батыр ат.спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының спортшылары және «Алихан» спорт кешенінде Ақтөбе футбол орталығының және шағын футбол құрамасының спортшылары шұғылданады.
Сонымен қатар, МЖӘ аясында «Ақтөбе қаласында 2500 көрерменге арналған Мұз сарайының құрылысы және қолданысқа берілуі» - жобасы жүзеге асырылуда: «Н+Н TECHNIKA» чехиялық компаниямен келісім-шарт жасалды.
«Ақтөбе қ. 2500 көрерменге арналған Мұз сарайының құрылысы және қолданысқа берілуі» жобасының құны – 3,5 млрд.теңгені құрайды. 2016 жылы құрылыс аумағы анықталып, жерге қатысты жұмыстар басталды. Жуық арада Мұз сарайының құрылысы басталып, 18 ай мерзімі ішінде пайдалануға берілуі тиіс.
2017 жылдың 1 маусым күніне Ақтөбе қаласының 11 шағын мөлтек ауданында орналасқан Хоккей модулінің ашылуы жоспарлануда. Жоба құны – 544 млн.теңге. Мұнда шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлер сырғанау спорт түрлері дамытылатын болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қ. Батыс-2 шағын ауданында орналасқан Жекпе-жек күрес сарайының ашылуы күтілуде. Жоба құны 1,3 млрд.теңгені құрайды. Нысанның ашылу салтанатына орай дзю-до күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатын өткізу жоспарлануда.
Аталған нысандар «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Алға қойған жоспарлар мен міндеттер:
1. олимпиадалық спорт түрлері бойынша өткізілетін ірі жарыстар:
1) 24-30 маусым аралығында Жастар ойындарының үстел теннисі жарыстары;
2) 24 маусым – 1 шілде аралығында теннис жарыстары;
3) бокстан Б.Ақшолақовты еске алуға арналған халықаралық турнир
4) грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігі (Шалқар қаласы),
5) 10-14 қарашада дзю-додан ересектер арасында ҚР чемпионаты;
2. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша өткізілетін ірі жарыстар:
1) кикбоксингтен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты;
2) жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты;
3) әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты;
4) дойбыдан балалар арасындағы «Шашка 100» ҚР чемпионаты;
5) тоғызқұмалақтан Ш.Берсиев атындағы Республикалық турнирі;
6) облыстық «Ақбидай» ауыл спорт ойындары;
7) республикалық «Ақбидай» ауыл спорт ойындары;
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2018 жылға арналған күнтізбелік жоспарға Ақтөбе облысында әлем және Азия біріншіліктерін өткізу бойынша республикалық спорт түрлері федерацияларына ұсыныстар беріліп, осы бағытта жұмыстар атқарылатын болады.
Жалпы, үлкен спорттағы басты міндетіміз, 2018 жылғы жазғы Азия ойындары мен 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды дайындап, жетістіктерге жету болып табылады.
Тыңдағандарыңызға рахмет!