Ақтөбелік жанкүйерлер Азия чемпионатының қола жүлдегері Мереке Жүнісованы салтанатты түрде қарсы алды

30 мамыр, сәрсенбі күні Ақтөбе қаласының Халықаралық әуежайында ақтөбеліктер таэквондо WT олимпиадалық түрінен 2018 жылдың Азия чемпионатының қола жүлдегері Мереке Жүнісованы салтанатты түрде күтіп алды.
26-28 мамыр аралығында Хошимин қаласында (Вьетнам) таэквондо WT олимпиадалық спорт түрінен Азия чемпионаты өтті. Оған әлемнің 34 елінен 300-ден астам спортшылар қатысты.
Чемпионатқа Қазақстанның ұлттық құрама командасынан 16 спортшы, оның ішінде ақтөбелік 2 спортшы Мереке Жүнісова мен Ақсәуле Ерқасимова ел намысын қорғауға жарыс жолына шыққан болатын.
Мереке Жүнісова +73 келі салмақ дәрежесі бойынша 3 жекпе-жек өткізіп, жартылай финалда Оңтүстік Корея өкіліне есе жіберді. Осылайша, жүлделі 3 орынға ие болды. Облысымыздың тағы бір өкілі Ақсәуле Ерқасимова 73 келі салмақ санатында өнер көрсетіп, 5-ші орынға тұрақтады.
-«Қола жүлде өзіме оңайлықпен келмеді. Қарсыластарым өте мықты болды. Әрине, мағанда үлкен тәжірибе алып келді. Себебі, алдағы уақытта рейтингілік жарыстар және Азия ойындары бар. Барлық қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз және ерекше алғысымды жаттықтырушым Нұрлан Жалғасбаевқа айтқым келеді»,- дейді Мереке Жүнісова.