Ақтөбеліктер «Сенің жаңа қырың» челленджіне қолдау білдірді.

26 мамыр, сенбі күні Ақтөбе қаласының ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дене шынықтыру мен спортпен айналысу бойынша Қазақстан халқына жолдаған «Сенің жаңа қырың» челленджіне қолдау білдіру мақсатында ауқымды спорттық-бұқаралық іс-шара өтті. Спорттық іс-шараға Ақтөбе облысының спорт ардагерлері, спорт қызметкерлері, беделді спортшылары және қала тұрғындары қатысты.
Челлендж барлық өңірлердің тұрғындарының қатысуымен «Спорттық Телекөпір» түрінде ұйымдастырылды. Телекөпір мәнісі – облыстармен бірігіп сауықтыру гимнастикасын жасауға шақыру аясында болды. Осылайша, Астана қаласында бастау алған шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, онлайн трансляция арқылы барша қауымды Елбасының бастамасын қолдап, челленджге қатысуға шақырды.
Облыстардың қатысушылары Астанадан берілген старттан соң, арнайы музыканың сүйемелдеуімен кешенді жаттығулар жасады.
Ақтөбе тұрғындары аталған шараны онлайн-режимде тамашалап, барлық өңірлердің қатысушыларымен бір мезетте жаттығу жұмыстарын қайталады. Әрі қарай, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Ақтөбе облысының танымал фитнес-орталықтарынан арнайы шақырылған спорт нұсқаушыларының көрсеткен жаттығуларын жүргізуді жалғастырды.