Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев: Ақтөбедегі жарысқа жас боксшылардың аяқ алысын көруге арнайы келдім.

11 мамыр күні Ақтөбе қаласының «Жекпе-жек» спорт сарайында бокстан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, қала әкімі Ілияс Испанов, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, танымал боксшы Геннадий Головкиннің бірінші жаттықтырушысы, ҚР жастар арасындағы құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары өзіңің құттықтау сөзінде құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бақтияр Артаев өзінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында чемпионатқа арнайы жас спортшылардың аяқ алысын көруге келгенін атап өтті.
-«Жастар арасындағы спортшылардың қабілетін байқап, келесі жылы «Астана Арланс» клубына мықты боксшыларды жасақтасам деген ойым бар. Сол үшін арнайы келіп отырмын. Тағы да айтып өткім келеді, мына кереметтей «Жекпе-жек» сарайын жеке кәсіпкердің салып, үкіметке бергенін бірінші рет көріп тұрмын. Сондықтан, еліміздің басқа кәсіпкерлерінің құлақтарына алтын сырға, осылай әр өңірде осындай ғимараттар бой көтерсе, қазақ спортының болашағы жаман болмас еді»,- дейді бокстан Олимпиада чемпионы.
Сонымен қатар, шара барысында танымал спортшы Геннадий Головкиннің бірінші жаттықтырушысы, ҚР жастар арасындағы құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев қазақ елінен әлі де талай Геннадий Головкиннің шығатына сенімді екенін жеткізді.
Аталған жастар арасындағы біріншілікке республикамыздың барлық аймағынан ең мықты боксшылар жиналды. Олар жеңіске жету жолында аянбай, өздерін көрсетеді деген ойдамын. Себебі, ҚР ұлттық құрамасына спортшылар сараланып алынатын болады»,- деп атап өтті Ғалымбек Кенжебаев.
Чемпионатқа ҚР барлық аймағынан 16 командадан 180 спортшы қатысып жатыр. Жарыс мамыр айының 16-на дейін жалғасын табады. Оның қорытындысы бойынша ҚР құрама командасына және 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айресте қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына спортшылар іріктеледі.