Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған дзю-до күресінен ерлер және әйелдер арасындағы ІІ халықаралық турнирінің салтанатты ашылуы өтті.

Жеңіс күні қарсаңында «Жекпе-жек» спорт сарайында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған дзю-до күресінен ерлер және әйелдер арасындағы ІІ халықаралық турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және дзюдодан Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР дзюдо федерациясының вице-президенті Асxат Житкеев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі және жарыс соңында марапаттау рәсімін өткізді. Жарысқа 13 команда яғни, ҚР аймақтарынан, Қытай және Өзбекстан елдерінен 200-ге жуық дзюдошы қатысты.
Олар 14 салмақ дәрежесінде Ақтөбе татамиінде белдесіп, өзара мықтыларын анықтады. Турнир қорытындысы бойынша қыздар арасында жерлестеріміз 52 келі салмақта Назерке Азаматова және 57 келі салмақта Шектібаева Аружан чемпиондық атаққа ие болды. Ал, ерлер арасында 73 келі салмақта Есет Қуанов жеңіс тұғырынан көрінді.