Ақтөбе қаласында жүзу спорт түрінен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

22-23 сәуір аралығында «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында Беларусь, Украина, Ресей Федерациясы мамандарының қатысуымен жүзу жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру, кәсіби дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау мақсатында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға ҚР аймақтарынан 80-ге жуық қатысушылар жиналды. Оларға жүзуден 4 дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы, 6 дүркін Әлем чемпионы, Халықаралық Олимпиада Комитетінің құрметті мүшесі Александр Попов және Украинаның жүзуден құрама командасының бас жаттықтырушысы Андрей Сердинов, Беларусь елінің жоғарғы жаттықтырушылар мектебінің оқытушысы Ирина Рыбина дәріс оқыды.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев барлық қатысушыларға және арнайы келген құрметті қонақтарға алғысын білдірді.
Сонымен қатар, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген Айбек Камзенов, Әлібек Камзенов, Диана Назарова, Виталий Худяков, Диана Тасжанова сынды ақтөбелік спортшыларымыздың соңғы жоғарғы нәтижелерін мақтанышпен атап өтті.
Теориялық дәрістен кейін, 23 сәуір күні сағат 18.00-де «Достық» су спорт түрлері бойынша ОБЖСМ базасында А.Попов жүзу бойынша мастер-класс өткізді.
Семинардан кейін дәріс тыңдаушыларына арнайы сертификаттар тапсырылды.
Айта кетейік, аталмыш семинар республика бойынша ең алғаш Ақтөбе қаласында өткізілді.