Есет батыр атындағы МИК базасында Наурыз мерекесі тойланды

«Бақытты бала» жобасы аясында мектеп-интернат-колледж спортшылары арасында әз Наурыз барлық сән-салтанатымен жоғары дәрежеде аталып өтті. Мерекеге арнап ұлттық нақыштағы киіз үй тігіліп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған облыстық спорт, білім басқармаларының өкілдері, спорт мектептерінің қызметкерлері, ақсақалдар, спортшылардың ата-аналары қатысты. Іс-шара кезінде спорт пен білім шыңын бағындырып жүрген оқушылар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
- «2017 жылы қолданысқа берілген осындай ерекше спорт кешенде биыл алғаш рет Наурыз мерекесін тойлап отырмыз. Бұл спортшыларымыз үшін жеңіске жету жолына деген үлкен мүмкіндік, себебі, осы спорт кешенде шет елдермен және басқа да республикамыздың аймақтарымен біріктірілген оқу-жаттығу жиындарын өткізіліп жатыр. Енді, алдағы уақытта тек жеңісті күндеріміз көп болып, осы спорт кешеніміз медальдардың сыңғырына толсын, жаңа жыл баршамызға құтты болсын»,- деп өз сөз кезегінде құттықтауын жеткізді Есет батыр атындағы МИК директоры Ғәбиден Тәшенбаев. Сонымен қатар, мектеп директоры жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген мектеп жаттықтырушыларын және қызметкерлерін арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналған халық Наурыз мерекесінің ең басты қағидасы бір-біріне игі тілектерін айтып, көрісу рәсімін жасады. Бағдарлама барысында арқан тарту, гір көтеру, аударыспақ ойындары көрсетіліп, мектеп оқушылары өзара сынға түсті.