АҚТӨБЕДЕ МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КУБОГІ БАСТАЛДЫ

2018 жылдың 7-9 ақпан күндері аралығында «Олимп» хоккей модулінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының Кубогі өтуде. Жылына бір рет өтетін байрақты бәсекені биыл Ақтөбе жұрты қабыл алды. Айтулы додаға еліміздің 8 командасынан 100-ге жуық спортшылар қатысуда. Олар 10-18 жас аралығында өзара мықты команданы анықтайтын болады
- «Ақтөбе облысында спортты насихаттауға үлкен көңіл бөлінген. Соның бір айғағы, бүгінгі қаламызда мәнерлеп сырғанаудан ҚР Кубогінің тұңғыш рет өткізілуі. Алдымен, осындай ірі деңгейдегі жарысты Ақтөбеде өткізуге мүмкіндік берген Мәдениет және спорт Министрлігің Спорт және дене шынықтыру істері Комитетіне және республикалық мәнерлеп сырғанау федерациясына алғымызды білдіреміз. Осы тамаша Хоккей-жаттығу спорт кешенінде ірі шараларды өткізіп, қысқы спорт түрлерін насихаттауға мүмкіндігіміз мол. Оған тағы бір дәлел, биылғы жылы Мұз сарайының қолданысқа берілуі. Барша қатысушыларға облыс басшылығы атынан мәнерлеп сырғанау жарысынан топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуге тілектестік білдіремін»,- деп жарыстың ашылу салтанатында сөз бастады облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Үш күнге созылатын жарыс қысқа және еркін бағдарлама бойынша өткізіледі. Бұл жарыста жұптық бәсекелер жоқ. Сондықтан спортшылар тек жекелей сында өнер көрсетеді
Сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға бапкері Анна Лычко осындай ірі жарыстарды өткізу үшін «Олимп» хоккей модулі барлық талаптарға сай екендігін жеткізді.
— Өзім жеті жасымнан бастап мәнерлеп сырғанаумен айналысамын. Мәнерлеп сырғанау — әрі әдемі, әрі қиын спорт түрі. Бұл спорт түрінен жеңіске жетем деген адамға зор төзімділік керек. Себебі бірнеше жыл бойы еңбектенуді талап етеді. Мұз үстінде сырғанай жүріп, түрлі кескіндерді салу, иық пен басты тік ұстау секілді басты талаптары бар. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Жақында Дубай қаласында өткен жарыста жүлделі орынмен оралдық, — дейді мәнерлеп сырғанаудан Ақтөбе құрамасының спортшысы Марал Болысбаева.
Айта кетейік, Қазақстан Кубогі үш күнге созылады және шешуші сындар 9 ақпан күні өткізіліп, жеңімпаздар белгілі болады