22-26 қараша аралығында Ақтөбе қаласында бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спор шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған ХІХ халықаралық турнирі өтуде

22-26 қараша аралығында Ақтөбе қаласында бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спор шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған ХІХ халықаралық турнирі өтуде. Жекпе–жек сарайында өткен салтанатты шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Е.Нұрғалиев және Бауыржанның анасы Маржан апа қатысты. Дәстүрлі доданы облыс әкімінің орынбасары ашық деп жариялап, құттықтау сөзін жеткізді. Жыл сайын өткізілетін турнирде биыл 14 команда, яғни Ресей және Өзбекстен елдерінен және республикамыздың барлық қалаларынан 80-нен астам боксшысы бақ сынауда.
-«Менің Бауыржанымды еске алып, жыл сайын осындай шара өткізіп отырған барлық ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын және турнирге келген барлық спортшыларға сәттілік тілеймін. Спортшыларымыз үлкен додалардан жеңіспен оралып, мерейіміз арта берсін. Бауыржанымның жетпеген жетістіктеріне сіздер жете беріңіздер»,- деп еске алды анасы. Жарыс AIBA ережелеріне сәйкес 3 раунд – 3 минуттан және 49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91, +91 келі салмақ дәрежелері бойынша өткізілуде. Турнир соңында 3 жекпе – жек кездесуін өткізіп, І-ші орынды иеленген спортшыларға Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағы беріледі және жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр салмақтағы дәрежелі спортшылар медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталады.
Сонымен қатар, 60 келіде жүлделі орынды иеленген спортшы Б.Ақшолақов атындағы спорт клубының арнайы бағалы сыйлықтарымен марапатталатын болады.