АҚТӨБЕДЕ ДЗЮДОДАН ЕРЛЕР ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ

2017 жылдың 10 қараша күні Ақтөбе қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Жекпе-жек» спорт сарайында өтіп жатқан айтулы додаға еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 500-ден астам дзюдошылар өзара бақ сынасуда. Оның ішінде, әлем чемпионатының күміс жүлдегері ақтөбелік Рустам Ибраев та бар. Алайда, еліміздің беделді дзюдошылары, атап айтқанда, Әлем Чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Әлем Чемпионы Максим Раков жарақаттарына байланысты чемпионаттан босатылған. Ал, әйелдер ұлттық құрамасы сапындағы бұрымды спортшылар оның ішінде, Рио Олимпиадасының және Әлем Чемпионатының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг те Ақтөбе татамиінде белдесуде. - Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында Ақтөбе өңірінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өткен болатын. Мінекей, араға бір ай салып, тағы да Ақтөбе өңіріне қайта келіп отырмыз. Жыл ішінде дзюдодан бір емес, үш бірдей маңызды халықаралық және республикалық жарыстар Ақтөбе қаласында өтіп отыр. Бүгінгі шараның да ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде. Сол үшін облыс басшылығына үлкен ризашылығымызды білдіреміз,- деп атап өтті дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков. Салтанатты ашылу рәсімі кезінде, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Сейітұлы Қасқабасов Ақтөбе облысына татами сыйға тартты. Осы жылдың ең маңызды әрі қорытынды жарысында жеңімпаз атанған дзюдошылар ұлттық құрама сапында 2018 жылы ел намысын қорғайтын болады, сондай-ақ, Азия мен Әлем Чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты Ақтөбе қаласында алғаш рет өтуде. 10 қарашада «Жекпе-жек» спорт сарайында бастауын тапқан ел біріншілігі 14-қарашаға дейін жалғасын табады.