Бүгін «Дастан» қонақ үйінің конференция залында Аралас жекпе-жек спорт түрінен Ақтөбе облысы спортшыларының халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктері бойынша баспасөз–конференциясы өтті.

Бүгін «Дастан» қонақ үйінің конференция залында Аралас жекпе-жек спорт түрінен Ақтөбе облысы спортшыларының халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктері бойынша баспасөз–конференциясы өтті. Ақтөбенің үздік спортшылары Еркінбек Інжел, Дәурен Ермеков, Гойти Дазаев, Сергей Морозов және аға жаттықтырушысы Айбек Шоқпұтовтың қатысуымен өткен конференцияда жеткен жетістіктері жөнінде сөз қозғалып, алдағы жоспарлары туралы айтылып өтті.
Айта кетсек, 2017 жылдың 6-7 күндері Астана қаласында аралас жекпе-жектен V Әлем Чемпионатында Еркінбек Інжел жүлделі 2-орынға ие болды. Әлем Чемпионатының финалдары біткен соң шаршы алаңда кәсіпқой спортшылар арасындағы халықаралық турнир өтті. Осы турнирде ресейлік спортшы Хаял Искендеровпен жекпе-жекке шыққан жерлесіміз ақтөбелік Дәурен Ермеков қарсыласын тас-талқан етіп, Евразия Чемпионы атағымен қоса NFC белбеуін жеңіп алды.
4 қазан күні Грозный қаласында «Ахмат» лигасының WFCA 43 халықаралық турнирінде 77 кг салмақта біздің жерлесіміз Гойти Дазаев UFC промоушенінде өнер көрсеткен, өте тәжірибелі бразилиялық Элеос Сильвериомен кездесіп тең түсті.
2017 жылдың 23 қыркүйегінде Татарстанның астанасы Қазан каласында өткен халықаралық M-1 GLOBAL промоушенінің ұйымдастыруымен өткен ММА кәсіпқойлық турнирге қатысқан жерлесіміз ақтөбелік Сергей Морозов Бразилияның муай-тайдан, джиу-джитсуден және Bigway Fight турнирінің чемпионы Луан Фернандеспен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.
Еркінбек Інжел, Дәурен Ермеков, Гойти Дазаев және Сергей Морозов Ақтөбе қаласындағы «Еркін Күш» кәсіпқой-жауынгерлік клубының споршылары. Кәсіпқой спорттағы жолдарын жігіттер панкратионнан, грэпплингтен және аралас жекпе-жектен WMMAA тұжырымының әуесқой жарыстарынан бастаған.