Алға ауданында 16-18 тамыз аралығында спорт күні мерекесі қарсаңында облыстық «Ақбидай-2017» ауыл спорты ойындары өтті.

Алға ауданында 16-18 тамыз аралығында спорт күні мерекесі қарсаңында облыстық «Ақбидай-2017» ауыл спорты ойындары өтті. 17 тамыз күні салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спартакиаданы ресми ашық деп жариялап, марапаттау рәсімін өткізді. Марапатқа лайық деп табылған бірнеше спорт өкілдері және спорттың дамуына зор үлес қосқан жерлестеріміз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамотасымен, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің алғыс хаттары мен сертификаттары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаты және бағалы сыйлықтары табысталды. Додаға Ақтөбе қаласы және 12 ауданнан спорттың 17 түрінен 1000-ға жуық спортшы қатысты.
Екікүнге созылған тартысты доданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1-орынды Ақтөбе қаласы, 2-орынды Алға ауданы, 3-орынды Темір ауданы иеленді. Облыс басқарма басшысы Н.Жүсіпов жүлделі орын алған қатысушыларды дәрежесіне сай медальдармен, мадақтама қағаздарымен, кубоктармен марапаттады және де ойынды ресми түрде жабық деп жариялап, барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Айта кетсек, «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарының ақтық кезеңі 2017 жылдың 11- 16 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында өтеді.