Облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиевтің қатысуымен

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиевтің қатысуымен дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында Ербол Жолдасбекұлы аймақтағы спорт саласының даму жағдайымен танысты.
Аталмыш жиында спортты дамытудағы және насихаттаудағы бірқатар тақырыптар талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, облысымыздағы бұқаралық спортының дамуы, аймақ спортының өркен жаюы туралы, спорт бірлестігінің қызметін қайта жандандыру, ұлттық ойындарды ел арасында жетілдіру және оны кеңінен насихаттау, сондай-ақ, ең бастысы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына спортшыларымызды дайындау жұмыстары ортаға салынды.
Отырыс кезінде басқарма басшысы Нұрлыбек Мейірханұлы жиынға қатысушы спорт мекемелерінің басшыларына өңірдегі спортты дамыту аясында бірнеше тапсырмалар мен талаптар қойып, жаңа ауқымды міндеттер жүктеді.
Мәжіліс соңында, облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы: - «Ауылдар мен аудан орталықтарында спорттық нысандар мен спорт залдары жеткіліксіз және әр түрлі деңгейдегі ірі жарыстарға жіберу мәселесі назарда тұр. Оның себебі, бөлінетін қаржының аздығынан болып отыр.
Бұл мәселелер алдағы уақытта әлі де, талқыланатын болады және балалардың жаз мезгілдері кезінде спортпен шұғылдануларын қадағалап, үлкен жарыстарға дайындауымыз керек. Осыған қоса, «Ақ бидай» республикалық жарысы биыл жоғары деңгейде өткізілуі қажет. Сол себепті, Сіздерден бірлесе жұмыс атқаруларыңызды сұраймын», - деп атап өтті. Сонымен қоса, сөз соңында барлық мекеме басшыларына сәттілік тілеп, алдағы уақытта үлкен нәтижелерге қол жеткізу керектігін айтты.